Қазақстанның ғылыми-көпшілік әдебиетінің алтын қоры тағы бір кітаппен толықты

АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат - Қазақстанның ғылыми-көпшілік әдебиетінің алтын қоры тағы бір кітаппен толығып отыр. Ол Парламент Сенатының депутаты Өмірбек Байгелдидің «Елібай» кітабы болды.

Қазақстанның ғылыми-көпшілік әдебиетінің алтын қоры тағы бір кітаппен толықты

«Қазақпарат» баспасы шығарған жинақ таяуда Астанада өткен «BookExpoAstana» халықаралық кітап жәрмеңкесінде «Ең үздік ғылыми-көпшілік әдебиет» аталымы бойынша арнайы дипломмен марапатталды.

Кітаптың полиграфиялық әсемделуі де арнайы дипломмен аталып өтілді. Ол біздің еліміздегі баспагерлер конкурсы мен 2009 жылы Ашгабадта өткен халықаралық көрмеде бірінші орынды жеңіп алды.

Таң заманында өмір сүрген қытайдың ұлы ақыны Ли Боның қазақ жерінде дүниеге келуі жөніндегі болжам бойынша деректер іздестіруді мақсат еткен ҚХР-ға экспедиция кезінде жинақталған мол зерттеу мәліметтері шығарманың және «Табылмай келген қазына» деректі фильмінің негізін құрады.

Айтулы ақын туралы кітап пен деректі фильмнің тұсаукесері өткен жылы Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында өткен болатын. «Елібай» кітабымен танысу отандық тарихтың бұралаңдарын терең түсінуге, Қазақстан-Қытай мәдени-гуманитарлық байланыстарын одан әрі дамытуға жәрдемдесері даусыз.

ҚХР-да ақынның біздің еліміздің оқырмандарына белгісіз шығармашылық мұраларын зерттеу жөніндегі жиырмаға жуық қорлар бар. Екінші бөлігінде қазақшаға аударылған Ли Боның түпнұсқа мәтіндері берілген басылым еліміздің басты кітапханаларының қорына жіберілді.