Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаев туралы үзік деректер
Бүкіл өмірі кейінгіге үлгі болар асыл тұлғаның өмірінен үзік деректер ұсынамыз:
Шығармашылық орта қызықсыз бола ма!? Әнекеңнің де басында сондай жәйттер болып тұрған. Солардың бірін Әнуарбек Байжанбаевтың ұлы Арыс Әнуарбекұлы былай деп еске алады:
«Бірде әкем жұмыстан түн ортасында қатты шаршап келді. Маған: «Балам, таңғы сағат бес жарымда оятарсың, радиоға эфирге баруым керек», - деді. Ол кезде Қазақ радиосынан таңғы алты жарымда ауа райы жайында тікелей хабар берілетін. Баламын ғой, ұйықтап кетіппін. Оянсам, сағат алтыдан жиырма минут кетіпті. Ол кезде қазіргі Бөгенбай мен Фурманов көшелерінің қиылысында тұрамыз. Әкем төсектен тұра сала, жүгіріп барып босағада ілулі тұрған пальтосын киді де, далаға атып шығып такси ұстады. Содан не керек, радиоға жеткенде таксистке 1 сом 37 тиын төлеу керек болады. Қалтасында 37 тиын жетпей қалады да, таксистке: «Бауырым, мен осында iстеймiн, сен менi күте тұр» - деп, iшке жүгіріп кiрiп кетедi. Ол кезде дикторлардың бәрi де жанды дауыспен шығады. Қазiргiдей алдын ала оқып қою деген жоқ. Эфир студиясына алқынып жеткен ол, аптығын басып, терең дем алып, қалыпты дауысымен: «Алматы уақыты 6 сағат 30 минут» деудiң орнына: «Алматы уақыты 6 сағат 37 тиын» деп жiберген ғой. Мен үйде ол сөзді радиодан естіп, анама жүгіріп бардым да: «Құрыдық, біттік, әкем: Алматы уақытын «37 тиын» деп жіберді, - дедім. Дереу үйден қалған киім-кешегін апарып бердім.
Сол «37 тиын» үшін Әнуарбек Байжанбаев 3 айға жуық уақыт дикторлық қызметтен шеттетiлiп, операторларға көмекшi болып жұмыс iстеген. Ал оның сол кезде «Халық әртiсi» деген атағы болған. Кейін, Әнуарбек Байжанбаевпен жақсы қарым-қатынаста болған Димаш Ахметұлы Қонаев бір күні телерадио басқармасының төрағасы Хамит Хасеновтен: «Әлгі гүрілдеуік қайда?» деп сұрапты. Төраға болған жайды баяндайды. Қонаев сол арада Әнуарбек Байжанбаевты қайтадан қызметіне алдырады.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың да радиода қызметке тұруына Әнуарбек Байжанбаевтың септігі тиген екен. «Мұқағали 60-жылдары Алматының Көк базарында ұн сатып тұрса керек. «Ұн сатамын...Нарынқолдың ұны...Келіңдер...» деген зор дауысты естіп, әкеміз солай қарай аяңдайды. Сөйтіп, Мұқаңның ерекше дауысын ұнатып, Қазақ радиосына жетелеп әкеліп, диктор етіп қабылдатқызады. Екеуі бір-бірін өле-өлгенше құрметтеп өтті», - деп еске алады Арыс Әнуарбекұлы.