Қазақстанның халық әртісі Бақыт Әшімова 75 жасқа қараған шағында өмірден озды

None
None
АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ музыка өнері орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Тамаша опера әншісі, Қазақстанның халық әртісі Бақыт Әшімова 75 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бақыт Әшімованың шығармашылық өмірі 30 жылдан астам Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрымен тығыз байланыста болды. Бақыт Әшімова қазақ және шетел классикасының опера спектакльдерінде көптеген партияларды орындады. Оның Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Қамқа, А.Жұбанов пен  Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Қарлығаш, Б.Жұманиязовтың «Махамбет» операсындағы Фатима, М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы Аналық, С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсындағы Нұрсұлу, Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсындағы Балым, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсындағы Ларина мен «Пиковая дама» операсындағы Полина, Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсындағы бейнелері шығармашылық қызметінің шырқау шыңы болды.

Бақыт Әшімова сан қырлы талант иесі еді. Ол өзінің концерттік қызметімен де, радиода орындаған тамаша әндерімен де халыққа кең танылды. Сондай-ақ, ол қазақ композиторларының әндері мен романстарын шебер орындап отандық ән  өнері мектебінің уәкілі деген атаққа ие болды.

Құрметті демалысқа шыққаннан кейін Бақыт Әшімова өзінің шығармашылық қызметін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында репетитор-ұстаз ретінде жалғастырды.

Қазақ музыка өнерінің дамуына сіңірген зор еңбегі үшін Бақыт Әшімова Қазақстанның халық әртісі деген құрметті атаққа ие болды.

Бақыт Әшімованың жарқын бейнесі қазақстандықтардың жадында әрқашан сақталады.  

Соңғы жаңалықтар