Қазақстанның Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Әнші дауысы» атты әдеби-сазды кеш өтеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ғарифолла Құрманғалиев 1909 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының Ақкөл ауылында туған. 1993 жылы Алматы қаласында дүниеден озды. Бүкіл халқы «Ғарекең» деп еркелеткен өнер иесі 1967 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Алматыдағы Республикалық өнер және цирк студиясында ұстаздық еткен. Мыңдаған шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Ол - әндерді орындауда ешкімге ұқсамайтын мәнері бар біртуар дарын иесі. Мұхит Мерәліұлы әндерінің негізгі насихаттаушысы. Өзі де бірнеше әндерді тудырған сазгер. «Ақжайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйемін, туған өлкем» және басқа да әндері халқымызға кең тараған.
Халықтың және Мұхит Мерәліұлының асқақ әндерінің шебер орындаушысы, сазгер Ғарифолла Құрманғалиевтің бір ғасырлық мерейтойы құрметіне арналған бұл мәдени шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырып отыр.
Бұл кеште Ғарифолла Құрманғалиевтің Батыс Қазақстан өңірі мен Алматыдан келген шәкірттері асқақ әндерді шырқайды деп күтілуде. Өнер кешіне қоғам және мемлекет қайраткерлері, Парламент депутаттары шақырылған. Әнсүйер қауымға есік ашық.