Қазақстанның халық әртісі Р.Рымбаева мамырдың 1-і күні Астанада Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арнап қайырымдылық концерт береді
Бұл туралы бүгін «Бәйтерек» медиа-орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін концерттің басты көрермендері - елордалық ардагерлер, зейнеткерлер мен қарттар үйінің тұрғындары болады. Эстрада әншісі ҚР-на еңбек сіңірген қайраткер Қанат Ахметовтың дирижерлік етуіндегі Астана қалалық Мемлекеттік филармониясы симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен жиырма ән орындайтын болады. Олардың арасында әншінің шығармашылық жолына бастау берген «Әлия» әні, Қазақстан туралы әндер, Кеңес Одағы композиторларының, жалпы ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызға етене таныс ретро-шлягерлер шырқалады. Мереке Жеңістің күніне арналып отырғандықтан, бағдарламада патриоттық әндер де көп болады. Жаңа әндердің ішінде Б.Момышұлының 100 жылдығына арналған Гүлнұр Өмірбаеваның «Батыр Бауыржан» әні бар.
Р.Рымбаеваның айтуынша, көрермендер қосылып айту үшін, көпшілікке танымал бұл әндер әдейілеп таңдап алынған, сондай-ақ оның пайымдауынша, әрбір әншінің репертуарында міндетті түрде патриоттық әндер болуы керек.
Халық әртісі қайырымдылық концерттерін жиі беретінін айта келе: «Келешекте осындай концерттерді ақылы өткізіп, түскен қаражатты балалар үйіне, соғыс ардагерлері мекемесіне не болмаса қарттар үйіне беру мәселесі жайында ойлануға болады», - деді.
Айта кетейік, бұл концерт Р.Рымбаеваның соңғы бес жылдан бергі Астананың төріндегі бірінші жеке концерті. Әнші өзінің шығармашылық қызметінің 30 жылдығына арналған концертті 2005 жылы Конгресс-Холл сарайында берген еді.
Халық сүйіктісі өзінің Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған концерттік бағдарламасымен елордадан кейін, мамырдың 2,3 күндері Өскеменде, 5-і күні Мәскеуде, 8,9-ы күндері Орал қаласында болады.