Қазақстанның халықаралық әуежайларында бірыңғай талаптарды бекіту қарастырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инвестициялық даму және кәсіпкерлік комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Аталған құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында әзірленіп отыр.

Қазақстанның халықаралық әуежайларында бірыңғай талаптарды бекіту қарастырылады

Атап айтқанда, 58-қадам бойынша еліміздегі автомобиль жолдарын басқару жөніндегі Ұлттық оператордың автомобиль жолдарын күтіп-ұстаудағы және жол сервисін дамытудағы жауапкершілігін бекіту бойынша қызметті жетілдіру қарастырылған болатын. Сонымен қатар, Ұлттық операторға қаржыландырудың балама көздерін тарту және біртіндеп өзін-өзі қаржыландыруға көшу мүмкіндігі беріледі. Бұдан бөлек, жолдарға ақылы жүйені енгізуге қатысты нормалар қамтылады.

«Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 65-і қадамы логистиканы дамытуды қарастырады. Бұл ретте Азиядан Еуропаға транзиттің кедергісіз өтуіне әсер ететін «Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізі» атты мультимодалды көлік дәлізін құру жоспарланған болатын. Осы жоспардың қажеттілігіне орай, көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша нормативтік-құқықтық базалар жетілдіріледі», - деді Инвестициялар және даму вице-министрі Жеңіс Қасымбек. Сонымен қатар, заң жобасымен авиация саласын дамыту мақсатында (Ұлт жоспарының 66-67-68-қадамдары-ред.) Қазақстанның халықаралық әуежайларында бірыңғай талаптарды бекіту қарастырылады. Сонымен қатар, сервисті жақсарту мақсатында халықаралық мәртебесі бар әуежайлардың халықаралық стандарттар бойынша аудиттен өту талаптары бекітіледі. «Әуе тасымалдарын толық пайдалану мақсатында халықаралық әуе тасымалы кезіне электрондық құжат айналымын енгізу жоспарланады. Сонымен қатар, жүктердің авиациялық тасымалы бойынша бірыңғай талаптар мен технологиялық рәсімдер енгізіледі. Осының өзі жүктерді өңдеуді 10 күннен 4 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндіктер береді», - деді Ж. Қасымбек.