Қазақстанның халықаралық кәсіподақтар федерациясындағы мүшелігі қалпына келтірілді
ҚР Кәсіподақтар федерациясының делегациясы Австралияның Мельбурн қаласында өтіп жатқан Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V конгресіне қатысып жатыр.
«ХКК Бас кеңесінің отырысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігі туралы мәселе қаралды. Кәсіподақтар федерациясының ХКК-ге мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылданды! Дегенмен, еліміздегі бірлестіктер бостандығын қамтамасыз ететін заңнамалық реформалардың жүзеге асырылуы маңызды», - деді Сатыбалды Дәулеталин.
17-22 қарашада 300-ден астам ұлттық кәсіподақ орталықтарының делегаттары алдағы төрт жылға арналған Дүниежүзілік кәсіподақтар қозғалысының күн тәртібін талқылайды.
Конгресс қатысушылары мүше-елдердегі тұрақтылықты сақтау бойынша ұсыныстар көрсетілетін «Жаңа әлеуметтік келісімшарт» мәлімдемесін қабылдауға ниетті. Мәлімдеме жобасына сәйкес, талқылау жаңа әлеуметтік келісімшарт тақырыбына: «жасыл» жұмыс орындары, жұмыскерлердің құқықтары, әділетті жалақы, әлеуметтік қорғау, теңдік және инклюзивтілікке арналады.
Айта кетсек, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы – 161 елден 176 миллион адам кіретін әлемдегі ең ірі кәсіподақ бірлестігі. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ХКК-ге мүшелігі тоқтатылған болатын.