Қазақстанның халықаралық резервтері 0,5% өсті - ҚР Ұлттық банкі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2015 жылғы маусымның аяғында Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері 2015 жылғы мамырмен салыстырғанда 0,5%-ға ұлғайды және 28,9 млрд. АҚШ доллары болды. Ал Ұлттық банктің таза халықаралық резервтері 2015 жылғы мамырмен салыстырғанда 0,5%-ға ұлғайды және 28,1 млрд. АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.

Қазақстанның халықаралық резервтері 0,5% өсті - ҚР Ұлттық банкі

Елдің халықаралық резервтері, жалпы алғанда Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (69,0 млрд. АҚШ доллары) қоса алғанда, 2015 жылғы мамырмен салыстырғанда 97,9 млрд. АҚШ долларына дейін, яғни 0,2%-ға ұлғайды. 2015 жылғы маусымда ақша базасы 15,0%-ға кеңейіп, 4191,2 млрд. теңге болды (жыл басынан бері 22,8%-ға кеңейді). Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 3877,9 млрд. теңгеге дейін, 11,1%-ға кеңейді. «2015 жылғы мамырда ақша массасы 12533,8 млрд. теңгеге дейін - 2,2%-ға, айналыстағы қолма-қол ақша - 1086,9 млрд. теңгеге дейін, 6,7%-ға, банк жүйесіндегі депозиттер - 11446,9 млрд. теңгеге дейін, яғни 1,8%-ға ұлғайды. Ақша массасының құрылымындағы депозиттердің үлесі 2014 жылғы желтоқсандағы 91,2%-дан, 2015 жылғы мамырда 91,3%-ға дейін өсті. Бұған айналыстағы қолма-қол ақша көлемінің азаюы себеп болып жатыр. Ал 2015 жылғы мамырдың соңында ақша мультипликаторы 3,44 болды», делінген ҚР Ұлттық банкінің таратқан мәліметінде.