Қазақстанның халықаралық резервтері жыл басынан бері 1,4% өсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның халықаралық резервтерінің көлемі 2018 жылғы мамыр айында сәуірмен салыстырғанда 0,16%, 2017 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 1,43% өсіп, 90,356 млрд АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның халықаралық резервтері жыл басынан бері 1,4% өсті

ҚР Ұлттық банкінің берген мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанның жалпы халықаралық резервтерінің көлемі мамыр айында 0,54% азайып (жыл басынан бері 1,39% өскен), 31,172 млрд долларды құраған, соның ішінде таза халықаралық резервтердің көлемі 0,52% қысқарып (+1,45%), 30,67 млрд доллар болған.

ҚР Ұлттық қоры активтерінің көлемі 0,52% (+1,46%) өсіп, 59,184 млрд долларды құрады. Еркін конвертацияланатын валютадағы активтердің көлемі 17,814 млрд долларды құрады, бұл көрсеткіш өткен айда 1,16% (ал өткен жылдың желтоқсанынан бері 2,37%) төмендеген. Алтындағы валюталардың көлемі 0,31% (+6,88%) артып, 13,357 млрд долларға жеткен.