Қазақстанның халықтық ІРО бағдарламасы дер кезінде жасалған және өте жақсы бастама - FEAS президенті
АЛМАТЫ. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Еуразиялық қор биржасы федерациясы (FEAS) Қазақстанның халықтық ІРО бағдарламасын қолдайды. Бұл бүгін Алматыда FEAS-тің 17-Бас ассамблеясының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтылды.
«Қазақстан келесі жылы халықтық ІРО бағдарламасын бастауға дайын екеніне көзіміз жетті. Бұл дер кезінде жасалған және өте жақсы бастама. Біздің федерация оны қолдайды», - деді FEAS президенті және Ыстамбұл қор биржасының президенті Хусейн Эркан. Бұл алқалы басқосу кезінде Қазақстан қор биржасы Еуразиялық қор биржасы федерациясы, Ыстамбұл қор биржасы және Тегеран қор биржасымен екіжақты ынытмақтастық меморандумдарына қол қойған болатын. Х. Эрканның айтуынша, FEAS-пен жасалған меморандум Қазақстан қор биржасына өз құрылымын дамыту үшін Еуразиялық қор биржасы федерациясының көмек алуына мүмкіндік береді. FEAS қазірдің өзінде Қазақстан қор биржасымен бірге қырғыз қор биржасын дамытуға көмектесу үшін оның акционері болып отыр.