Қазақстанның имиджін көтеру үшін туризм саласын дамыту керек - конференция

АЛМАТЫ. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Қазақстан имиджін қалыптастырудағы отандық және шетелдік БАҚ рөлі» атты халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция өтіп жатыр,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Шараға имидж, саясат, PR саласының мамандары мен БАҚ өкілдері қатысуда. Отырыста Қазақстанның шетел алдында оң бағыттағы имиджінің қалыптасуының ғылыми және методологиялық негіздерін қалыптастыру мәселесі басты тақырып ретінде пікірталас алаңына айналды. «Мысль» қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадамның айтуынша, қазіргі ақпараттық қоғамда имидж мәселесі басты орында тұрады. Бұл жерде БАҚ билік пен халық, халықаралық қатынас мәселесінде алтын көпір бола алады. «Бұл қызметін мықты деңгейде көрсету үшін БАҚ ашық және жақсы сараптамалық базасы болуы керек», дейді С.Құттықадам. Қазақстандық баспасөз клубының президенті Әсел Қарауылованың айтуынша, қазір еліміздің имиджін ұстап тұру үшін көптеген ресурстар жұмсалуда. «Алайда бізде имидж саясатына байланысты нақты бір стратегия жоқ. Имиджді дамыту үшін туристік базаларды дамыту, қызмет көрсету, виза мәселесі сынды т.б қарапайым нәрселерді көтеру керек», дейді ол.Қазақ менеджмент және экономикалық болжау институты әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Хал Фостердің айтуынша, имиджді елдің саяси имиджі және елдің бейнесі деп бөлу керек. Елдің бейнесі жақсы қалыптасса, туризм сынды салаларды дамытуға болады. «Туризм мен қызмет көрсету елдің мықты имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді ол. Жиында ел беделін қалыптастыру мәселесінің 2011 жылы Алматы мен Астана қалаларында өтетін Қысқы азиялық ойындар қарсаңында ерекше маңызды екендігі де сөз болды.
Соңғы жаңалықтар