Қазақстанның индустрияландыру саясатының алғашқы кезеңі де жемісті нәтижелер көрсетті- Мұхаммед Дауи

Брифинг «Нұрлы Жол-болашаққа бастар жол» Жолдауы аясындағы өнеркәсіптік саясат тақырыбында өрбіген болатын. Сөз арасында БҰҰ өкілі әлемнің дамыған мемлекеттерінің тарихына тоқтала келе, олардың барлығында дерлік индустрияландыру мен өндіріс саясатына мейлінше басымдық берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның индустрияландыру саясатының алғашқы кезеңі де жемісті нәтижелер көрсетті.
«Менің ойымша, дамудағы аса маңызды индикатордың бірі - жұмыссыздық. Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 5-6 пайызды құрайды. Ал мұны Еуропаның басқа да дамыған елдердің бірқатарымен салыстырсақ, онда қазақстандық индустрияландырудың шын мәнінде табысты болғанын көре аламыз. Мәселен, Испанияда, Италияда, тіпті Францияда жұмыссыздық деңгейі қазір 10 пайыздан асады, кейбір деректер бойынша 15 пайызға жетеді. Соның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық жағдайы тіпті алаңдатады, бұл - 25 пайыздан асады», - деді М. Дауи. Сонымен қатар, БҰҰ өкілі жаңа экономикалық стратегияға тоқтала келе, Елбасы нақты міндеттер кешенін айқындағанын, ал басымдық берілген секторларда инновацияға, технологияға үлкен маңыз беріліп отырғанын атап өтті.
«Әлбетте, даму инвестициясыз болмайды, ал инвестиция технологияны тірек етеді. Ендеше, біз табысқа жету туралы ойласақ, инновация осы жолдағы басты параметр болуы шарт», - деді М. Дауи.