Қазақстанның ішкі экономикасы дамудың келесі қадамын жасауға мүмкіндік береді - Үкімет басшысы
АСТАНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Сырттан елеулі қатерлер болмаса, Қазақстанның ішкі экономикасы дамудың келесі қадамын жасауға мүмкіндік береді.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын мақұлдануына қатысты сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті.
«Бүгінгі әлемде көп өзгерістер әлі де орын алып жатыр. Уақытылы шешім қабылдай алмаған бірқатар елдерде, оның ішінде дамыған еуропа мемлекеттерінде жағдай әлі де мәз емес», - деген Үкімет басшысы Қазақстанда соңғы жылдары дамудың жаңа қарқыны көріне бастағанын атап өтті.
Парламенттің Үкіметке көрсеткен қолдауы арқасында көптеген мәселелер бойынша дер кезінде шешім қабылдай алдық. Соның нәтижесінде, біздің еліміз дамудың жаңа сатысына көтеріліп келеді. Яғни, сырттан елеулі қатерлер болмаса, Қазақстанның ішкі экономикасы еліміз үшін дамудың келесі қадамын жасауға мүмкіндік береді», деді Премьер-Министр.