Қазақстанның ішкі көші-қон саясаты жаңа заңнама арқылы жетілдіріле түседі
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі сәтте мемлекетте Қазақстан азаматтарының да, шетелдіктердің де ішкі көші-қоны туралы ақпарат мүлдем жоқ. Бұл нақты өңірлерге қатысты мемлекеттік шешімдерді болжамдау және қабылдау кезінде дәлсіздіктерді негіздейді. Экономиканың ағымдағы жай-күйін ескере отырып, осы фактор қоғамдық құқық тәртібін қамтамасыз етуге де әсер етеді. Осыған орай ішкі көші-қонды есепке алу, бақылау және реттеу мәселелерін заңнамалық тұрғыда бекіту қажеттілігі туындаған. Сонымен бірге ішкі көші-қон мәселесін заңнамалық тұрғыда бекіту мақсатында «Халықтың көші-қоны туралы» заңға өзгерістер енгізу қарастырылып отыр. Атап айтқанда, азаматтардың тұрақты тұратын жері бойынша тіркеуді, ал тұратын жерін ауыстырған жағдайда - есептен шығуды жүзеге асыру міндеті айқындалады, тіркеу мерзімдері белгіленеді. Шетелдік азаматтар үшін тұрақты немесе уақытша тұратын жерін ауыстырған жағдайда жаңа келген жері бойынша тіркеу міндеті айқындалды. Бұдан басқа, көші-қонды реттеудің жанама шараларын бекіту бөлігінде Еңбек кодексіне өзгерістер енгізілді. Бұл ретте Еңбек кодексінде жұмыс берушінің жергілікті тұрғындар болып табылмайтын адамдарды еңбекке орналастыру туралы уәкілетті органдарға хабарлау міндеті айқындалды. Еңбек шартында жеке тұлғаның тіркелген орнын бекіту бөлігінде де өзгерістер енгізілді. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне «Халықтың көші-қоны туралы» Заңда белгіленген нормаларға сәйкес келтіруге бағытталған өзгерістер енгізілді, сонымен бірге көші-қон саласындағы құқық бұзушылық үшін жауапкершілік күшейтілді, құқық бұзушылықтардың жекелеген құрамдары нақтыланды.
Мамандардың айтуынша, аталған заң жобасын қабылдау көші-қон үдерістерін тиісті түрде бақылауды қамтамасыз етіп, елімізде жеке тұлғаларды есепке алу қамтамасыз етіледі деп болжанады. Ал бұл өз кезегінде, тұтастай алғанда мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың тиімділігіне әсер етеді.