Қазақстанның іскер әйелдері астаналықтарды алдағы сайлауға қатысуға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін қалалық баспасөз орталығында алдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің, сондай-ақ, өңірлік және қалалық маслихаттар сайлауын қолдауға бағытталған брифинг өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Шараға Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының өкілдері - бірлестік төрайымы Раушан Сәрсенбаева, басқарма мүшесі Баян Тойкебаева, Астана қаласы әкімінің бас инспекторы Римма Иманғазинова, сондай-ақ елордалық кәсіпкер әйелдер қатысты.
«Біз - Қазақстанның іскер әйелдері мұқтаж жандарға қол ұшын созып, белсенді азаматтық позицияны ұстанамыз. Біз Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған барлық бастамалар мен идеяларды тұтастай қолдаймыз», - деді Раушан Сәрсенбаева.
Шараға қатысушылар қоғамда еліміздегі әйелдердің жағдайына тікелей байланысты болып табылатын тұрақтылықты қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Раушан Сәрсенбаева салыстыру үшін 2012 жылғы сайлау көрсеткіштерін келтіріп өтті. Биыл партиядан ұсынылған кандидаттардың 30% - әйелдер, ал 2012 жылы бұл көрсеткіш 27% болған.
Брифинг кезінде елордалық кәсіпкер әйелдер еліміздің әрбір өңіріндегі денсаулық сақтау, экономика, білім, әлеуметтік және саяси көрсеткіштерді, сонымен қатар әйелдің аталған салалардың әрқайсысының дамуына тигізер әсерін талқылады.
Спикерлер баршаны биыл 20 наурызда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің, өңірлік және қалалық мәслихат сайлауына қатысуға шақырды.