Қазақстанның исламдық инфрақұрылымды интеграциялау бастамасын қолдаймыз - Ислам банкінің басшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның исламдық инфрақұрылымдарды интеграциялау бастамасын қолдаймыз. Бұл туралы бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу рәсімінде Ислам даму банк тобының президенті Бандар Хаджар айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ислам даму банкі тобы 20 жыл бойы екіжақты ынтымақтастық аясында Қазақстанның бастамаларына қолдау білдіріп келеді. Біздің портфолиомыз шамамен 2,4 млрд долларға жетті және инфрақұрылымдар мен жеке секторды дамытуға бағытталған», - деді ол.
Оның атап өтуінше, «Астана» халықаралық қаржы орталығы ТМД елдері аумағында исламдық қаржылық қызмет индустриясын дамытуды жоспарлап отыр. Ал бұл Ислам даму банкі үшін 180 млн тұрғыны бар жаңа нарық саналады.
Мұнан бөлек, Бандар Хаджар Ислам даму банкі тобы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен исламдық ифрақұрылымдық интеграция бастамасына қолдау көрсететінін баса айтты.
«Ислам даму банкі тобының аталған бастаманы Қазақстан Үкіметі жүзеге асыруында барлық қызметтері мен көмегін қолжетімді жасайды. Бұл Қазақстан мен біздің топ елдерінің арасындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықтың дамуына серпін береді», - деді ол.