Қазақстанның IT саласындағы жобаларда отандық өнімнің мөлшері жыл сайын төмендеуде

АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстанда IT саласының жобаларында отандық өнімдердің мөлшері жыл сайын төмендеп келеді.

Қазақстанның IT саласындағы жобаларда отандық өнімнің мөлшері жыл сайын төмендеуде
Бұл туралы бүгін Астанада өткен көрме-семинарда қазақстандық IT-компаниялары қауымдастығының президенті Нұрлан Исин мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қауымдастықтың эксперттік бағалауы бойынша, ақпараттық қамсыздандыру және ақпараттық қызметтер көрсету нарығында 2000-2001 жылы қазақстандық компаниялардың үлесі 20 пайызды құраған. 2007-2008 жылдарға келгенде бұл көрсеткіш күрт төмендеп, 7 пайыз үлесті көрсеткен. Енді болжам бойынша, отандық өнімнің мөлшері 2009-2010 жылдары 3 пайыздық деңгейде болмақ. «Ақпараттық-коммуникацияға қатысты 6-ға жуық заңдық норма бар. Бірақ оның ешқайсысы IT саласын жеке бір сала ретінде айқындамайды. Ол 70-80 жылдардағыдай «байланыс» деген бір атауға кірген», дейді Н.Исин. Оның айтуынша, бүгіндері шетелдік компаниялар дағдарыстың салдарынан өз нарығындағы тұтынушылардың азаюын, біздің елдің нарығына шығу арқылы сол орынды толтырғылары келеді. Ал мемлекеттік органдар Қазақстан өнімін сапасыз деген желеумен сол шетелдік компаниялардың өнімдеріне, қызметіне тапсырыстар беруде.«Үкімет отандық мөлшерді арттыру мақсатында шағын және орта бизнесті дамытуға қыруар күш пен қаражат бөліп отыр. Бірақ ақпараттық сала заңдық тұрғыда біз үшін жоқ болғандықтан, бұл қолдау IT-компаниялар үшін мардымсыз», деп атап көрсетті ол.