Қазақстанның карточкалық төлем нарығы енді қарапайым әрі тиімді мобильді mPOS-терминалдармен толықпақ
АЛМАТЫ. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Енді кәсіпкерлер үшін POS-терминалдар қолжетімді бола түспек.
Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақстан халық банкі Басқарма төрағасының орынбасары Марат Әлменов мәлімдеді. Жаңа шешім болып саналатын мобильдік төлем терминалдарын (mPOS-терминалдар) банктік карточкалармен төлем қабылдау үшін «Қазақстан халық банкі» АҚ мен «КаР-Тел»ЖШС мобильдік эквайринг қызметін ұсынушы Pay-me компаниясымен бірлесіп жасап отыр. Марат Әлменовтің айтуынша, мобильдік POS-терминалдар қазір қолданылып жүрген POS-терминалдардың үнемді әрі қарапайым баламасы болып табылады. Бұл - iOs немесе Android операциялық жүйелерінің базасында жұмыс істейтін смартфонға немесе планшеттік компьютерге аудио-ажыратқыш арқылы қосылатын арнаулы портативтік санауыш құрылғы. Құрылғының мобильдік терминал ретінде жұмыс істеуі үшін небәрі Pay-me жүйесінде тіркеліп, App Store немесе Google Play-ден осы аттас тегін мобильдік қосымшасын орнату ғана қажет. Осы техникалық шешімнің негізгі артықшылығы оның мобильді болуында: ол кез келген сауда-сервистік кәсіпорынға Visa және MasterCard халықаралық төлем жүйелерінің банктік карточкаларын иеленуші клиенттерден қолма-қол ақшасыз төлемді кез келген жерде және кез келген уақытта қабылдауға мүмкіндік береді. Құрылғының толыққанды жұмыс істеуі үшін интернет жүйесіне қолжетімділік болуы қажет. «mPOS-терминалының құны стационарлық POS-терминалдың құнынан бес еседей төмен. Төлем жүргізу үшін карточканы санауыш құрылғы арқылы өткізіп, мобильдік терминал қосылып тұрған смартфон (планшет) экранына клиенттің қолын қою қажет. Сауда чегі карточка иесінің электрондық мекен-жайына немесе карточка иесі көрсеткен мобильдік телефонға SMS-хабар түрінде жіберілетін болады. Құрылғының тағы бір басты артықшылығы - мобильдік төлем терминалдарының қауіпсіздігінде, бұл терминалдарда карточкадан оқылған ақпарат сақталмайды, ол әрі қарай шифрленген күйінде процессинг қызметіне жіберіледі. Әрбір mPOS құрылғысы карточкадағы мәліметті кұпия сақтауға мүмкіндік беретін қауіпсіздік модулімен жабдықталған», - дейді М. Әлменов.