Қазақстанның Қарулы Күштерінде 8,5 мыңнан аса әйел азаматша қызмет етеді

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қарулы күштер қатарында қызметін атқарып жүргендердің 4-еуі полковник, 30-ы подполковник, 120-дан аса майор шенінде. «Әскери қызметші әйелдер өздеріне жүктелген жұмыстарды атқаруда кәсібиліктері мен тиянақтылықтарын көрсетіп, қызметтік міндеттеріне адалдықтарын танытып, әріптестеріне үлгі болып келеді. Бөлімдер мен мекемелердің қоғамдық өміріне, мәдени-демалыс шараларына, жеке құрамның оқу-тәрбиелік үдерісіне де белсене араласады. Мысалы, жас жауынгердің бейімделу кезеңінде әрбір әскери қызметші әйел жас сарбаздың қасынан табылып, оның қаз тұрып, қадам басуына көмек көрсетеді. Сондай-ақ, олар жеке құрам арасындағы әскери тәртіпті күшейтудегі командирлер мен басшылардың сенімді серігі де болып отыр», - делінген баспасөз хабарламасында.
Министрлік мәліметтеріне сәйкес, былтыр ведомствода шешім қабылдау деңгейінде әкімшілік мемлекеттік қызметтер атқаратын әйелдердің үлесі 18 пайызға артқан. Департамент басшылығы мен орынбасарлық қызметтерге 4 әйел тағайындалған.
Тоқтала кететін жайт, халықаралық әйелдер күні құрметіне орай Қорғаныс министрі қол қойған бұйрыққа сәйкес, бірқатар қыз-келіншектерге кезекті және кезектен тыс әскери атақтар табыс етілді. Үздіктер грамоталармен наградталды.