Қазақстанның Қаржы полициясы «Алтын» дүкендер жүйесіне тексеру шараларын бастады
АСТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Алтын» дүкендер жүйесі туралы жедел ақпарат Қаржы полициясы органдарында бар. Қазір осы дерек негізінде жедел-іздестіру және тексеру шаралары жүргізілуде.
Бұл туралы бүгінгі брифинг барысында журналистерге Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттіктің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алтын» зергерлік дүкендер желісі төңірегіндегі іс қаңтар айында Қазақстан-Ресей шекарасының маңында Түмен облысынан атшанаға тиелген 50 келі контрабандалық зергерлік бұйымдарды ұстаудан басталған болатын. Ат жегілген шананың иесі өзін «Алтын» дүкенінің тасымалдаушысымын деп таныстырған. Осы іс бойынша Мәскеудің Лефортов соты қылмыстық іс қозғап, «Алтын» гипермаркетінің бас директоры Валентина Шадринаны, «Тянь-Шань» ЖШС-нің бас директоры Владимир Суховеевты және «Алтын» зергерлік холдингі басшылары Антонина Бабосюк пен Владимир Феньковты, Қырғызстанның азаматы Элтугаш Жапаровты қамауға алуға санкция берген болатын.
Айта кетейік, Қазақстанда «Алтын» зергерлік компаниясының сегіз нүктесі орналасқан.