Қазақстанның Қаржы полициясының таратылатыны туралы ақпарат расталған жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Қаржы полициясының қызметi мемлекеттiк орган ретiнде таратылмайды. Бұл туралы бүгiн Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Андрей Лукин мәлiм еттi.
Еске сала кетейiк, кейбiр ақпарат құралдарының беттерiнде Қаржы полициясының қызметi басқа мемлекеттік органдарға берiлiп, мүлдем жабылуы мүмкiн деген ақпарат тараған болатын. Бұл қауесеттi бүгiн А.Лукин растаған жоқ.
«Жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы күрес мемлекеттiк органын тарату туралы мәселе алдымызда мүлдем тұрған жоқ. Дегенмен заман ағымына сай кез келген мемлекеттiк органның қызметi жетiлдiрiлетiнi сөзсiз. Сондықтан әрине, әрбiр ведомствоның тиiмдiлiгi мен функционалдылығын арттыру мүмкiндiктерi қаралады. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органын жою мәселесi қаралып жатқан жоқ», - деп нақтылады агенттік өкілі.