Қазақстанның Қасиетті Тақпен өзара қатынас орнатуы мұсылман қауымдастығы тарапынан ешқандай түсінбеушілік тудырмауы тиіс - Қ. Лама Шариф
АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қасиетті Тақпен өзара қатынас орнатуы мұсылман қауымдастығы тарапынан ешқандай түсінбеушілік тудырмауы тиіс.
Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасына орай депутаттар сауалына жауап берген ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф осылай мәлім етті.
Тоқтала кететін жайт, заң жобасын талқылау барысында депутат Төлеген Ибраев соңғы уақытта мұсылман қауымдастығы мен Ватикан арасындағы қарым-қатынасқа селкеу түсіп отырғанын айта келе, «Бұл заң қабылданса мұсылман елдері Қазақстанның қадамына қалай баға берер еді?» дегенді алға тартқан еді.
«Жақында ғана Рим папасы Ливанға сапар шеккен болатын. Сондықтан да католиктер мен мұсылмандар арасында өте жақсы қарым-қатынастар бар екенін байқап отырмыз. 2008 жылы Сауд Арабиясының Королі де Рим Папасымен кездескен еді. Оның үстіне Рим католик шіркеуі халықаралық деңгейде әлемдік дәстүрлі діндер қатарына жатады. Сондықтан да, бұл қадам ешқандай түсінбеушілік тудырмайды деп сенеміз», - деп жауап берді Дін істері агенттігінің төрағасы.