Қазақстанның кәсіпқой бокс құрамасы WSB чемпионатындағы алғашқы матчын өткізеді

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ертең Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) нұсқасы бойынша Қазақстанның кәсіпқой бокс құрамасы Азия конференциясындағы алғашқы матчын өткізеді.

Қазақстанның кәсіпқой бокс құрамасы WSB чемпионатындағы алғашқы матчын өткізеді

Биыл шілде айында Қазақстанның кәсіпқой бокс құрамасы деп танылған «Астана арландары» кәсіпқой боксшылар клубы Оңтүстік Кореяның «Incheon red wings» командасын қабылдайды. Соған орай, бүгін екі команданың боксшылары матч алдындағы салмақ өлшеу рәсімін жасады.

«Ертеңгі матч Бүкіләлемдік бокс сериясының ресми жарысының тұсаукесер додасы деп есептейміз. Біздің құрамада 15 боксшы бар. 5 салмақ дәрежесінің әрбірінде 3 боксшыдан жасақталды», дейді «Астана арландары» клубының бас директоры Болат Манкенов.

Бұл жекпе-жектерге еліміздің атынан Қанат Әбутәліпов (54 кг), Мерей Ақшалов (61кг), Аліби Нұрматов (75 кг), сонымен қатар командадағы шетелдік легионерлер Ампонсах Максвелл (85 кг) мен Истван Бернат (+91 кг) шығады.

Жалпы AIBA ұйымының қолдауымен болып жатқан WSB клубтық жарысы Азия, Еуропа және Америка аймақтық конференциялары бойынша өткізілуде. Лиганың әрбір маусымының соңында әр салмақ дәрежелерінен 2 үздік боксшы арнайы рейтингтік жүйе бойынша анықталады. Қазақстанның «Астана арландары» боксшылары Қытай, Оңтүстік Корея және Әзірбайжан мемлекеттерінің былғары қолғап шеберлерімен бірге Азия конференциясына кіреді.

WSB чемпионаты әуесқой боксшыларға кәсіпқой бокста бақ сынауларына мүмкіндік беретін платформа болып табылады. WSB әуесқой боксшыларға өз елінің намысын Олимпиадалық ойындарда қорғауға тыйым салмайды.