Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы Н.Назарбаевтың кандидатурасының президенттік сайлауға ұсынылуын қолдайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы Елбасы Н.Назарбаевтың президенттік сайлауға қатысу туралы шешімін қолдайды. Бұл туралы бүгін аталған кәсіподақ төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов мәлім етті.
Оның атап өтуінше, қатарында 2 миллионнан астам мүшесі бар Кәсіподақтар федерациясы іс басындағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс президенттік сайлауға кандидатурасын ұсынуын толығымен қолдайды.
«Қазақстанда еңбек адамы үшін қажетті барлық жағдай жасалып отыр. Ел Президенті бастамашы болғаны «Нұр жол» бағдарламасы аясында жүздеген мың жұмыс орындары ашылуда. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындайды»,- деді ол.
Сонымен қатар Қ.Айтуғанов Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы елдің әлеуметтік-экономикалық жаңғыртылуын жеделдетуге, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдайтындығын баса айтты.