Қазақстанның кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі қиын кезеңдерді бастан өткеріп отыр ? Мәжіліс Төрағасы

АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазіргі жағдайларға сәйкес, Қазақстанға еңбек нарығын өзгерту қажеттігі туындап отыр.

Қазақстанның кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі қиын кезеңдерді бастан өткеріп отыр ? Мәжіліс Төрағасы
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік бағдарламасын заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі парламенттік тыңдау барысында палата Төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазіргі кезде Қазақстанның кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі қиын кезеңдерді бастан өткеріп отыр. Бұл салаға келеңсіз әсер етіп отырған бірқатар факторлар бар. Атап айтқанда, кәсіптік техникалық білім беру жүйесіндегі мұғалімдер мен оқыту шеберлерінің жалақысының төмендігі білікті мамандардың жетіспеушілігіне әкеп соқтырып, оқытушылардың тұрақсыздығына айналды. Мәселен, 2007-2008 оқу жылдары кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінде 331 оқыту шеберлері жұмыстан кеткен. Бұлардың әрқайсысы тәжірибелі, кәсіптік техникалық білім берудің алтын қоры саналатын шеберлер еді», - деді О. Мұхамеджанов. Сонымен бірге, Мәжіліс Төрағасы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде экономика сұранысына қарай мамандар даярланбай отырғанына назар аударып, ондағы материалдық-техникалық базаның ескіргенін де атап өтті. Төрағаның айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамыған елдердегідей деңгейге жеткізу қажет. «Қазақстанға еңбек нарығын өзгерту қажеттігі туындап отыр. Бұл үшін техникалық және кәсіптік білімі бар жұмысшылардың рөлін арттыру арқылы жұмыс күшіне қатысты сұраныс пен ұсыныс алшақтығын жою керек. Сондай-ақ еңбек нарығының сұранысына тұрақты мониторинг жүргізіп, нақты болжамдар жасалуы шарт. Мұнымен бір мезгілде білім беру жүйесін қайта құрылымдау жұмысын атқарған да орынды. Білім жүйесін кадрлық тапшылықтар сезілетін бағытқа бұрып, кәсіптік мектептердің негізгі бағдары еңбек нарығына сай болуы тиіс. Менің ойымша, біз еңбек нарығы өмір сүрген кезде, білім беру қызметі нарығының да жанданатынын сезіп отырмыз. Бұл екі мәселе де бір-бірімен тығыз байланысты», - деді О. Мұхамеджанов.