Қазақстанның қай бағытта дамитындығы жастардың саяси белсенділігіне байланысты - профессор
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін Қазақстанда барлық мүмкіндіктер бар, деп есептейді тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Әміржан Әлпейісов.
«Бүгін біз кешегі күннен де жақсы өмір сүрудеміз, ертең бүгінгі күннен де жақсы болатыны анық. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Ең бастысы ол үшін бізге әрекет ету керек, жұмыс істеп, Мемлекет басшысын барлық қырынан қолдауымыз керек, оның Жолдауда айтылған бастамаларын, билік реформаларын жүргізу, бес институционалды реформаларды, Қазақстанды 30 дамыған елдің қатарына қосу бойынша жоспарларын жүзеге асыруға септесуіміз қажет», - деді ол Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің «Нұр Отан» партиясының жастар қанатының мүшелерімен кездесуінде.
Профессордың пікірінше, ел халқының болашағы, Қазақстанның қай бағытта дамитындығы - жастардың саяси белсенділігне байланысты.
Сонымен қатар ол бүгінде Қазақстан жұртын мазалап жүрген біраз жайттарға да тоқталды. Оның ойынша, мемлекеттік бағдарламалар мен Президент тапсырмаларын орындамаған әкімдердің жауапкершілігін арттыру қажет.
«Бізде әкімдердің ешқайсысы жауапкершілік алмайды, ешкім ештеңеге жауап бермейді. Неге?! Өйткені ауылдық әкім аудандық әкімге қарайды, аудандық әкім облыстық әкімге және өзге де органдарға қарайды. Олар «Президенттің тапсырмасы бойынша» деген сөздерді жамылып, жол жөндеу сынды маңызды міндеттерін орындаудан қашады. Күзде мектептердің басым бөлігі неге дайын болмайды?! Ақша бөлінеді, дегенмен миллиардтаған қаражат игерілмей тұрады. Ешкім бұған жауап бермейді. Біз тек жемқорлықпен, парамен ұсталғандарды қамаймыз», - деп налыды Әміржан Әлпейісов.
Еске салсақ, 25 қаңтарда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік билік тармақтарын бөлу мәселелері бойынша үндеу жариялады. Оның басты мақсаты - Президенттің бірқатар құзырын Парламент пен Үкіметке беру. Осылайша, Үкімет пен Парламенттің рөлі мен жауапкершілігі артпақ.
Жалпы Президент өзінің 40 құзырын Парламент пен Үкіметке беруді ұсынды.