Қазақстанның қай қаласында жылжымайтын мүлік пайда әкеледі?
АСТАНА. ҚазАқпарат -Статистика комитетінің соңғы ай туралы мәліметтеріне негізделген «Крыша» сайтының есебінше, Қазақстандағы баспананы жалға берудің орташа табысы жылына 8% құрайды. Ал тұрғын үйге салынған инвестицияларды өтеудің орташа мерзімі - 13 жыл.
Жылжымайтын мүліктің тиімділігі жағынан Қарағанды көш бастап тұр. Онда нарықтағы баға бойынша пәтер құнын (шаршы метрі 175 мың теңге) 9 жыл ішінде жалға беріп, қайтарып алуға болады.
Мұндағы кіріс пайызы да максималды - жылына 10.7 % пайыз. Ақтөбеде пәтерге кеткен шығынды өтеу мерзімі шамамен 10 жыл. Ақтөбе облысы орталығындағы пәтер жылына 10.3 % табыс әкеле алады.
Қызылордада жылжымайтын мүлікке салынған ақша жылына 8.9 пайызбен, 11 жылда ақталады.
Сұраныс бойынша бірінші орында тұрғанмен, Астана қаласы табысты тұрғын үй инвестицияларының үштігіне енген жоқ. Бұл әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді. Пәтердің әр шаршы метрін 326 мың теңгеге сатып алып, жалдау арқылы ай сайын 95 мың теңгеден астам (8.8 %) табыс түсіріп, 11 жылда пәтер құнын шығаруға болады. Өскемендегі пәтердің құнын қайтару үшін де осындай мерзім керек (8.7 %).
Алматыдағы бір бөлмелі пәтердің орташа құны 13 миллион теңге және жалдау ақысы ай сайын 91 мың теңгеден жоғары болса, 12 жылда пәтер өзін-өзі ақтайды. Табыс пайызы - 8.4. Шымкент, Қостанай, Семей көрсеткіштері де шамалас.
Пәтер құны ең ұзақ өтелетін қалалар ретінде Ақтау, Талдықорған және Таразды атауға болады. Бұл өңірлердегі пәтер жалдау табысы жылына 5-7 %, ал өтелу мерзімі ҚР орташа көрсеткішінен бірнеше жылға жоғары. Мәселен, Таразда бір бөлмелі пәтердің шаршы метрі 187 мың теңге, айына 33-34 мың теңгеге жалға беріп, 19 жылдан кейін ғана пәтер құнын шығаруға болады. Барлық пәтер иелерінің салық төлеп, баспананы ұстап тұру үшін кеткен шығындарын есепке алсақ, бұл мерзімдер жоғарылауы мүмкін.