Қазақстанның қазіргі сайлау науқанының ерекшелігі, оның тыныш сипатта өтуі - Беларусь байқаушысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның қазіргі сайлау науқанының ерекшелігі, оның тыныш сипатта өтуі. Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте Беларусь Республикасы Сайлау және республикалық референдумдар өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрайымы Лидия Ермошина осылай деді.
«Меніңше, ерекшеліктердің бірі сайлау науқанының және оған дайындық шараларының тыныш сипатта өрбуі болып отыр», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, Қазақстанның сайлау науқаны өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, штаттық режімде жүргізілуде.
«Біріншіден, ол өте жақсы ұйымдастырылған. Кезектен тыс сайлау өткізілгенде ұйымдастыру шаралары зор мәнге ие болады. Екіншіден, әдістемелік құжаттар жақсы дайындалған. Оны Орталық сайлау комиссиясы қабырғасында ілінген құжаттардан байқауға болады. Бұл мамандардың жоғары деңгейде жұмыс істейтіндігін білдіреді. Дәл қазіргі кезеңде ҚР Орталық сайлау комиссиясына 100-ге жетпейтін шағымның түсуі де таң қалдырады. Өйткені, Беларусьта өткен сайлаулардың барлығында да сайлау өткізген сәттен бастап бірнеше жүздеген шағым түседі. Дауыс бергеннен кейін де оған шамамен 500 шағым қосылады», - деді Л.Ермошина.