Қазақстанның кеден қызметі экспортқа емес импортқа жұмыс істейді - сарапшы
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы Стратегиялық зерттеу мен талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары Олжас Жораевтың айтуынша, елімізде экпорт пен импорт саласындағы кедендік операциялар кезінде дисбаланс барынша байқалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мәселен, дамыған мемлекеттерде экспорт пен импорттың кедендік рәсімдері біркелкі жүргізіледі. Ал Қазақстандағы кедендік рәсімдер импорттық тауарларды жеңіл өткізсе, экспортқа, керісінше, тосқауыл болып жатады. Соның салдарынан қазақстандық тауарлар халықаралық нарықтарға шыға алмайды», - деді Олжас Жораев бүгін экспортты дамытуға арналған жиында.
Оның айтуынша, көлік-логистика инфрақұрылымының сапасыз болуы да экспорт көлеміне кері әсерін тигізіп отыр. Кәсіпкерлер үшін жол шығындары кей кезде тауардың соңғы бағасының 30 пайызын алып жатады. Ондайда отандық тауарлар қымбатқа сатылады да, өзге елдердің өнімдерімен бәсекеге түсе алмайды.
Айта кетейік, бүгінгі жиында «Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік серіктестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Азамат Ойнаров та сөз сөйлеп, Қазақстанды шетелдік брендтерді жамылған ресейлік тауарлардың жаулап алғанын жеткізді.