Қазақстанның кейбір заңнамалары сыртқы және ішкі туризмнің дамуына тұсау болып отыр - сарапшы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР кейбір заңнамалары сыртқы және ішкі туризмнің дамуына тұсау болып отыр. Бұл туралыпікірімен Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова бөлісті. 

Қазақстанның кейбір заңнамалары сыртқы және ішкі туризмнің дамуына тұсау болып отыр - сарапшы

«Мемлекет басшысының 10 мемлекетпен арада бір жақты визасыз режімді енгізу туралы бастамасы өте құптарлық іс. Бұл біздің елге келетін туристер ағымының артуына септігін тигізді. Бірақ, бұған қайшы келетін бірнеше заңнама бар. ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 16 сәуірдегі «Шекаралық жолақты, карантин жолағын,шекаралық аумақты белгілеу» туралы қаулысы соған мысал бола алады. Осы қаулыға сәйкес біздің көптеген көрікті жерлеріміз аталған аумаққа кіріп тұр», - деді Р.Шайкенова.

Оның айтуынша, бүгінде Алматы облысындағы ең танымал Шарын шатқалы, Үлкен Алматы көлі, Алакөл жерлеріне келу үшін шетелдік туристер көші-қон полициясынан рұқсат қағаз алу керек.

Құжатты рәсімдеу үшін 10 күн кетеді.

«Көптеген экотуристер Қазақстанға келерде туристік фирмалардың қызметіне жүгінбейді. Ол рұқсат қағаз алам дегенше, демалыс уақыты да бітеді. Сондықтан, бұл сырттан келетін туристерді тартуға едәуір кедергі болары сөзсіз», - деді Р.Шайкенова.

Сондай-ақ, Қазақстанда туристерді түнгі уақытта тасымалдауға тыйым салынған.

«Егер, күндіз жететін жерге түнде жүрмесе, бір күні жолға кетеді. Жолдаманың бағасы артып кетеді. Күн ыстық, ыңғайсыз. Болашақта бұл тыйым алынып тасталуы керек. Әйтпесе, ішкі туризмнің дамуына тұсау болады»,- деді ол.