Қазақстанның кілең жастардан құрылған конькишілер командасының болашағынан зор үміт күтуге болады - команданың бас бапкері
Өйткені оның құрамындағы спортшылардың барлығы әлі жас және олар уақыт өткен сайын жетіліп келеді», - деді осы спорт түрінен еліміздің бас бапкері Вадим Саютин. Бұл туралы ол 7-қысқы Азия ойындарының аясында конькимен жүгіруден өткен жарыстан соң журналистермен болған баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Бас бапкердің сөзінше, қазақстандық команда 3 жылдан соң Сочиде өтетін олимпиада ойындарына қатысады. Онда жастар өздерін жақсы жағынан көрсетері сөзсіз. Өйткені кілең жастардан құрылған команда мүшелері жылдан-жылға нығайып келеді. Ал Сочидегі олимпиадада олар әлемнің мықты деген спортшыларымен сынға түсіп, шыныға түсері анық. «Бүгінгі жарысқа келетін болсақ, «Алау» спорт кешенінде өткен жарыстар осында өнер көрсеткен спортшылардың естерінде қалатыны сөзсіз. Мұндағы жарыстар сәтті өтті. Еліміздің командасы бұл жолы 5 медальді жеңіп алды», - деді бас бапкер.
Оның сөзіне қарағанда, осыған дейінгі Азия ойындарында Қазақстан командасы бір ғана қол медальды қанағат тұтса, бұл жолы 1 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдеге қол жеткізіп отыр. «Команда мүшелеріне келетін болсақ, конькимен жүгіруден Екатерина Айдованың шын мәніндегі жоғары деңгейдегі спортшы екенін айта кету керек. Ол жасөспірімдер арасында өнер көрсетіп жүрген болашағынан зор үміт күттіретін спортшы. Ол жыл сайын өзінің шеберлігін шыңдап, қазір ересектердің арасында да сенімді өнер көрсететін жағдайға жетті. Бұл жолы ол жүлделі орынға ие бола алмады. Дегенмен оның жеңіске жетуіне болмашы ғана уақыт жетпеді», - деді В.Саютин.
Оның пікірінше, егер жарыс спортшы қыздың өзі әбден машықтанған 1 мың метр қашықтық бойынша өткенде спортшымыздың бағы жанары сөзсіз еді. «Ал ерлер арасындағы командаға келетін болсақ, мұнда біз барлық дерлік жарыс түрлері бойынша жүлделі орындарды алдық. Өкінішке орай, біз алтынға тек 1 мың 500 метр қашықтықтағы жарыста ғана қол жеткіздік. Денис Кузин мұнда өзінің жанкештілігін көрсетті. Өйткені ол олимпиада чемпионының өзін шаң қаптырып, Азия рекордын бекітті. Дмитрий Бабенко 2 күміс медальдың иегері атанды. Ол ұзаққа шапқанды ұнататын спортшы. Сондықтан болар, осы жолы оған осыған дейінгі Азия ойындарының чемпионы болған жапониялық Хирако Хироктың өзі қарсы тұра алмады. Өкініштісі, біз командалық есепте алтынды ала алмадық. Біз қоланы қанағат тұтып, 3 секундан сәл ғана асатын уақытқа кешіктік», - деді бапкер.