Қазақстанның қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік тәжірибесін әлемнің 50-ден астам мемлекеті алуда (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ҚР Президенті жанындағы Ұлттық жаңғырту комиссиясы жұмыс тобының сарапшыларымен бірге президенттік реформаларды талқылауға қатысты кездесулер топтамасын бастады.
Жоба аясында бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановпен кездесу өтті.
«Өздеріңізде білетіндей Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан ғылыми-сараптамалық кеңес құрылған болатын. Оның жұмыс істеп жатқанына 5 жылдан астам уақыт өтті. Сонымен қатар Қазақстанның әрбір облысындағы жоғары оқу орындарында ҚХА кафедрасын аштық», - деді ол.
Е.Тоғжановтың атап өтуінше, ҚХА кафедраларын ашудағы негізгі мақсат - ең алдымен ЖОО-лар білім алып жатқан, орта оқу орындарында оқитын азаматтардың еліміздің бірлік саясатын түсіну.
«Біріншіден, елімізге 50-ден астам мемлекеттің келіп, алып жатқан тәжірибемізді ең алдымен жастарымыз білуі қажет. Екіншіден, Қазақстан бір күннің ішінде көпэтносты ұлт болып қалыптасқан жоқ. Сондықтан оның қалыптасу тарихын да бүгінгі жастарымыз, халқымыз білуі керек, бұл бағытта атқарылып жатқан саясатымызды түсінуі қажет», - деп қосты ҚХА Төрағасының орынбасары.
Оның атап өтуінше, мемлекеттік қызметте жасайтын барлық азамат қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік мәселесіне орай арнайы дайындықтан өтуі тиіс. Ол үшін Мемлекеттік қызмет академиясы жанынан арнайы орталық та құрылған. Аталған орталықтан 3 жылдың ішінде 2700-ге жуық азамат дәріс алды.