Қазақстанның көкпардан құрамасы еліміздің өңірлерінде ат спортынан ұлттық ойындарға стадион ауадай қажет деп санайды
«Барлығын зерделей келе, біз бірнеше стадион керек деп ойлаймыз. Алғашқы кезеңде еліміздің солтүстік, шығыс, оңтүстік, батыс, орталық аймақтарына осындай нысандар орнастырылса деген тілегіміз бар»,-деп атап өтті С. Түгел. Осы орайда атбегі бұл мәселе бойынша ҚР спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатовпен кеңескенін тілге тиек етті.
Көкпардан Қазақстан құрама командасының бас бапкері Қуанышбек Құрамаевтың айтуынша, Денизли қаласында орналасқан ұлттық спортқа арналған стадионның жобасы бойынша еліміз де осындай нысан қажеттілік етеді. «Бізде арнайы көкпар алаңы жоқ. Біздің ойымызға сай көкпарды ойнататын стадион Түркияда жасақталған екен. Яғни, олардың ұлттық ойындарына негізделген стадиондары ұлттық ойынымыз - көкпарға лайық келеді», - дейді бас бапкер. Қ. Құрамаевтың осы сөзін баспасөз мәслихатына қатысқан құрамадағы көкпаршылар да құптады. Олардың пайымдауынша, ұлттық ойындарды көру үшін бұндай стадиондарға жұртшылық көптеп жиналады және осындай нысандар ойынның өзін тамашалауға ыңғайлы.
С. Түгелдің сөзіне қарағанда, қазанның 12-14 аралығында Түркияның Денизли қаласында ұлттық спорттың әлемдік додасы өткізілді. Оған 25 мемлекет қатысқан көрінеді. Бұл ауқымды спорттық шара аясында Қазақстанның көкпардан құрама командасы қатысты. Атап айтқанда, 12 қазанда елміздің көпаршылары Қырғызстанның командасын 10:5 есебімен тізе бүктірсе, 16 қазанда Түркияның көпаршыларын 7:2 есебімен ұтты. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан командасы Түркиядан жеңіспен оралды.