Қазақстанның көмір өндірісі саласында тарифтік келісім жасалды
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - 2011-2013 жылдарға арналған Қазақстанның көмір өндірісі саласында тарифтік келісім жасалды,
деп хабарлады ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметінен.
Келіп түскен ақпаратқа сәйкес, жасалған келісім негізінде әлеуметтік серіктестерге бірқатар міндеттер жүктеліп, бірнеше мәселе қолға алынды.
Маңызды тармақтарға тоқталар болсақ, біріншіден, жұмыскерлер ұйымдық келісім бойынша қол жеткізген жалақы көлемінен қағылмауы қажет, екіншіден №1 и №2 тізім бойынша зейнеткерлікке шығатын тұлғалар үшін зейнеткерлік жас мөлшерін төмендету, үшіншіден «Кенші даңқы» белгісінің үш дәрежесімен марапатталған жұмысшылар зейнетақысын 15% -ға жоғарылату.
Келісімнің арнайы тармағы ауыр, әрі қауіпті жұмыстарға тартылған жұмысшылар үшін еңбекақының минималды стандартын есептеудің салалық коэффицентінің 1,7 -ден 4- ке дейін жоғарылауын бекітеді. Бірінші разрядтың тарифтері минималды еңбекақы көлемін салалық коэффицентке көбейту арқылы есептеледі.
Сонымен қатар жұмыс берушілерге кәсіподақ комитеттеріне мәдени-спорттық шаралар ұйымдастыру мақсатында еңбекақы қорының 0,2 %-нан кем түспейтін мөлшерде қаржы бөлу жүктеледі.
Жұмысшылар жалақысының тұрақты бөлігін индексациялау бойынша тараптар әлі келісімге келген жоқ. Бұл тарау бойынша келіссөздер 2011 жылдың 1 шілдесінде қайта жүргізілмек.