Қазақстанның коммунистік халық партиясы қаңғыбастар туралы заң қабылдауды ұсынды
Қазақстан коммунистік халық партиясының Ақмола облыстық филиалы мен «Игілік» қоғамдық қоры бірлесіп өткізген жиынға қазақстандық және шетелдік үкіметті емес ұйымдары, облыстық және қалалық әкімдіктер, басқарма өкілдері, медицина қызметкерлері қатысып, туберкулездің алдын алу және азайту мәселесін талқылады.
Жиында қаңғыбастар туралы заң қабылдау жөнінде ұсыныс айтылды.
«Әр ведомство өз жұмысын өзінше жүргізеді. Алайда, ведомстволар арасында үйлестіру жетіспейді. Мәселен, денсаулық сақтау саласындағылар науқастарды емдеп шығарып, әлеуметтік ортаға жібереді. Кейін бұл адамдарға ешкім қарамайды да, қайта науқастанады. Сөйтіп, бәрі қайтадан басынан басталады. Сол себепті барлық ведомстволар мен үкіметтік емес ұйымдардың, заңды және жеке тұлғалардың басын біріктіретін заң қажет», - дейді ҚКХП Ақмола облыстық филиалының төрағасы Олжас Сыздықов.
Партия өкілдерінің айтуынша, соңғы кездері қаңғыбастардың саны артқаны байқалады. Көкшетаудағы бейімдеу орталығы 50 адамға шақталғандықтан қыс мерзімінде орын бола бермейді.
Жиынға қатысушылар әр ауданда осындай ұйым ашып, бейімдеу қызметінің жұмысын үйлестіру туралы ұсыныс жасады.