Қазақстанның қорғаныс саласында толағай табыстар М.Алтынбаевтың есімімен тікелей байланысты - Қ.Жақыпов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс саласында толағай табыстар М.Алтынбаевтың есімімен тікелей байланысты. Бүгін Сенатта көрнекті қайраткер, Халық қаһарманы, Армия генералы, сенатор Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара барысында сөз сөйлеген Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов осылай мәлім етті.

Қазақстанның қорғаныс саласында толағай табыстар М.Алтынбаевтың есімімен тікелей байланысты - Қ.Жақыпов

«Бұл торқалы той Мұхтар Қапашұлының ғана емес, жалпы Қазақстан азаматтарының ауыз толтырып айтарлық ерекше қуанышы. Өйткені, Мұхтар Қапашұлы ат жалын тартып мінген кезден бастап, ұшқыш болсам деген асыл арманның жетегіне ілесіп, оған жетіп қана қоймай, мемлекетіміздің игілігіне, бейбіт өмірі мен қауіпсіздігіне өмірін арнады. Ел Тәуелсіздігін алған қиын кезеңде Елбасының үлкен сеніміне ие болып, Қазақстан Қарулы Күштерінің жауапты жүгін арқалады. Жаңа шаңырақ көтерген жас мемлекетіміздің іргесін қымтап, буынын бекітуіне аянбай атсалысты. Тәуелсіз мемлекетімізді қалыптастыру ісіне белсене араласып, егемен еліміздің төл әскерін қалыптастыруға, қорғаныс жүйесінің нығаюына өлшеусіз үлес қосты. Біздің бүгінгі қорғаныс саласында толағай табыстарымыз тікелей Мұхтар Қапашұлының атымен байланысты», - деді Қ.Жақыпов.

Мәжіліс Төрағасы сонымен қатар Армия генералының елге қызмет көрсетудегі қайталанбас үлгісін көрсеткенін атап өтті. Парламент депутаты ретіндегі М.Алтынбаевтың өткір ойлары мен батыл қадамдары да айрықша екеніне тоқталды.

«Қазақ қашанда батырын ардақтап, азаматын ұлықтай білген текті халық. Сол тектілікті сақтап, биігін аласартпай, тау тұлғалы қалпысымен туған еліміздің мерейін тасытып жүрген ардақты азаматтың бірі - Мұхтар Қапашұлы», - дей келе Мәжіліс спикері мерейтой иесіне шапан жапты.