Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау керек - Елбасы Жолдауына үн қату
АЛМАТЫ. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Екатерина Ионова/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасын жария етті, және бұған дейінгі онжылдықтың қорытындысын шығарып, жаңа онжылдық кезеңге жаңа міндеттер қойды.
Елбасының «Жаңа онжылдық - Қазақстанның жаңа экономикалық өрлеуі, жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына қатысты өз ойымен бөліскен Конституциялық Кеңес мүшесі Николай Белокуров осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Президент құқықтық реформаға баса назар аударды. Мемлекет басшысы өз сөзінде, құқық қорғау жүйесін реформалау қажеттігін ерекше атап көрсетті. Н.Назарбаев атап көрсеткеніндей, «бұл сала тәуелсіздік алғалы бері жете реформаланбай қалып отыр».
Құқық қорғау саласындағы барлық кемшін тұстарға тоқталып өткен Елбасы, ағымдағы жылы құқық қорғау жүйесіне реформа жүргізу міндетін қойды және біріншіден, құқық қорғау органдарын оңтайландыру қажеттігін, екіншіден, міндеттелген әр учаске үшін тараптардың құзыреттігі мен жауапкершіліктерінің аражігін ажырату, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру, құқық қорғау органдарының қызметіне парламенттік және қоғамдық бақылаудың тетіктерін жасау қажеттігін атап көрсетті, дейді Конституциялық Кеңес мүшесі.