Қазақстанның күнбағыс майы қымбаттауына байланысты кей ауған кәсіпкерлері бізден май алуды қойған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстан қазақстандық күнбағыс майының қымбат болуына байланысты осы өнімді сатып алуды азайта бастады. Бұл туралы Астанадағы Қазақстан-Ауғанстан іскерлік форумында «Башир Навид Комплекс» бас директоры Нуриддин Закер Ахмади айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Қазақстандағы бизнес форум мен көрмеге қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Қазақстан Үкіметі бізді қолдайды деп сенеміз. Қазақстаннан Ауғанстанға астық пен ұнды үлкен көлемде импорттап жатырмыз. Бүгінгі форум аясында өзара тиімді ұсыныстарды күтеміз», - деді Нуриддин Закер Ахмади.


Оның айтуынша, Ауғанстан кәсіпкерлері бұрындары Қазақстаннан күнбағыс майын импорттаған.

Алайда қазір бұл өнімді алу тиімсіз бола бастады.

«Қазір күнбағыс майы қымбаттап кетті. Сондықтан біз Ресейден, Украинадан сатып алып жатырмыз. Бұл елдер Қазақстанға қарағанда арзанырақ беріп жатыр», - деді ауған кәсіпкері.

Бұл тұрғыда ол екі жақтың сауда мәселесін шешуге бағытталған бірлескен палата құруды ұсынды.

Айта кетейік, Астанадағы Қазақстан-Ауғанстан іскерлік форумы аясында жалпы сомасы 190,8 млн долларды құрайтын экспорттық келісімшарттарға қол қойылды.

Қол қойылған құжаттардың біразы май тасымалдау бойынша шарттарды қамтып тұр.


Соңғы жаңалықтар