Қазақстанның құрлық әскерлерінің дайындығы қандай
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрлігінің апталық «Online-брифинг» бағдарламасына сұхбат берген Құрлық әскерлері әскери институты оқу бөлімінің басшысы Болат Құдабаев курсанттардың дайындығы мен министрлік қойған талаптар туралы баяндады.
Оның мәлімдеуінше, бүгінде оқу орнының алдында тұрған мақсат - кәсіптік деңгейі жоғары әскери мамандарды даярлау, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов бізге нақты тапсырма қойды. Ол жоғары әскери оқу орындарына үлкен назар аударып жатыр. Жалпы, тапсырмалар біздің оқу-әдістемелік базамызға байланысты. Соны дамыту, күшейту керек. Сонымен қатар, профессорлық құрамның біліктілігін арттыру, әдістемелік шеберлігін көтеру мәселесі де бар. Министр талап қойып жатыр. Ол – біздің түлектердің кәсіптік дайындығы жоғары болуы керек. Ертең әскерге барған кезде олар ұрысты ұйымдастыра білуі керек», - деді оқу бөлімінің басшысы.
Оның айтуынша, аталған институт 30-дан астам оқу орындарымен және ғылыми орталықтармен әріптестікте жұмыс істейді. Бұдан өзге, білім ордасы таяуда Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми зерттеулер жүргізу үшін бөлінетін 3 грантын ұтып алған.
«Қазір біздің оқу орнында ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, жалпы 4 жыл оқуды бітіргеннен кейін біздің түлектерімізге алғашқы офицерлік шен беріледі. Одан кейін Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен бұлар әскерге барады. Толық жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі», - деп тоқталды Болат Құдабаев.
Айта кетейік, бұл оқу орнын осы кезге дейін 10 мыңнан астам офицер тәмамдап, оның 83-і генерал жоғары әскери шенін алған.