Қазақстанның құрметті журналисі Мәжит Қайырғалиевке арналған кеш өтті

Бұрынғы Тайпақ ауданы Базартөбе ауылында 1938 жылы дүниеге келген Мәжит Қайырғалиұлы қаршадайынан қанқұйлы соғыс ауыртпалығын сезініп өсті. Әкесі майданға кетсе, анасы бес баласымен елде қалып, аянбай еңбек етті. Талай ашқұрсақ жүрген кездерін ұмыта қойған жоқ. Анасы колхозда сиыр сауып, балаларын аман алып қалды. Соғыстан келген әкесі жылқы бақты, басқа да талай ауыр жұмысты атқарды. Міне, осындай ортада тәрбиеленген Мәжит мектепте жүргенде-ақ өлең жазды, сурет салды. Кейін домбырадан бастап скрипкаға дейін көптеген аспапта ойнай білді. Орал педагогикалық институтын бітіргеннен кейін мектепте мұғалім, директордың орынбасары болып жүргенде төңірегіне өнерлі жастарды ұйыстыра білді. Оның осы ұйымдастырушылық қабілетін байқаған аудан басшылары 1965 жылы мәдениет саласының тізгінін ұстатты. Ал 1972 жылдан 2002 жылға дейін облыстық «Орал өңірі» газетінде талмай қызмет атқарып, тілшіліктен бас редакторлыққа дейін көтерілді. Әсіресе, 1991-2002 жылы редакцияға басшылық еткен кезеңде талай қиындыққа тап болған басылымның ауыр жүгін қайыспай көтере білді. Еліміз тәуелсіздік алған тұста көкейкесті мәселелерді өзі де жазып, кейінгілерге үлгі көрсетті. Ақындығы мен публицистикалық туындылары өз алдына, замандастары оның әңгіме жанрындағы шеберлігін, көркем суреттері мен қолдан ойған ағаш мүсіндерін жоғары бағалады.
Кездесу барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақындар, Қадыр орталығының директоры Бауыржан Халиолла, Айтқали Нәріков, еңбек ардагері, Қонаев атындағы қордың төрағасы Нұрлан Ізтелеуов, композитор Ғұбайдолла Хибашев және басқалар алдағы жылы сексеннің сеңгіріне шығатын кеш иесінің сан қыры жөнінде тебірене сөз қозғады. Ақынның өлеңдері оқылып, әндер орындалды. Әсіресе, оның сөзіне жазылған Ғ.Хибашевтің «Қаракөз қарындасым» әні әуезділігімен көрермендерге ерекше әсер қалдырды.