17:35, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстанның құрылыс нарығына шетелдіктер қызығушылық танытып отыр
АЛМАТЫ. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Қазақстанның дәстүрлі халықаралық құрылыс көрмелері өз жұмысын бастады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Құрылыс. Интерьер. Желдету. Керамика және тас» (KazBuid Spring 2009) биыл төртінші рет, ал «Терезелер. Есіктер және қасбеттер» (WinTec Expo 2009) екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оны қазақстандық «Iteca» көрме компаниясы халықаралық серіктестері - ITE Group Plc (Ұлыбритания), GIMA (Германия), EUR A.S. (Түркия) компанияларымен бірлесіп жүзеге асырды. Оған Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті мен Алматы қаласының әкімдігі қолдау көрсетті. «Көрме жұмысына 17 елден 200-дей құрылыс компаниясы қатысып отыр. Оның 50 пайызы - отандық өндірісшілер. Көрмені аралау кезінде өз өнімдерін өндіру туралы идеяларын іске асырған Петропавл мен Қарағанды қаласындағы 2-3 компания өкілдерімен кездестім. Өндірісшілер негізінен отандық құрылыс материалдарын шығаруға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек туралы сұрады. Біз қаржылық жағынан да, мемлекеттік сатып алу жағынан да үлкен жәрдем болатынын жеткіздік», - дейді Индустрия және сауда министрлігінің Техникалық саясат, құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры Ғалым Әміреев. Ғалым Махмұтбайұлының айтуынша, Қазақстанның құрылыс нарығы шетелдіктер үшін әлі де зор қызығушылық тудырып отыр. Өйткені ол өте тартымды. Дағдарысқа қарамастан бұл сала әлі де даму үстінде. Әрине, ол бұрынғыға қарағанда біршама төмендеу.