Қазақстанның құс өсірушілер одағы жұмыртқа бағасына қатысты түсініктіме таратты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы уақыттары Қазақстанның құс өсірушілер одағының атына жұмыртқа бағасының қымбаттауына байланысты сұрақтар көптеп түсуде. Осыған орай, Құс өсірушілер одағы баға саясатына жұмыртқаның маусымдық өнімділігі әсер етіп отырғанын алға тартады. Бұл туралы одақтың баспасөз қызметінен хабарланды.
None
None

Құс өсірушілер бұл ретте жазғы маусымдарда құс фабрикаларының өніміне бағаның 6-8 теңгеден аспайтынын алға тартады. Ал күзгі-қысқы мерзім аралығында өткізу бағасы 17-20 теңгені құрайды. Салыстырмалы түрде алғанда ағымдағы кезең бойынша 2014 жылдың өткізу бағасы 15-16 теңгені құраған. Бұдан бөлек, таратылған мәліметтерге қарағанда бүгінгі таңда 1 жұмыртқаның өзіндік бағасы - 13 теңгеден асады. Ал өнімнің өзіндік құны ең бірінші кезекте 40 пайызына дейін әсер ететін жем бағасына тәуелді. Айта кетерлігі, соңғы екі ай ішінде елімізде жем бағасы екі есеге дейін көтерілген.

«Егер қазан айында күнбағыс шротын келісіне 42 теңгеден алсақ, қараша айында 78 теңге болды. Ал соя шроты келісіне 93 теңгеден 138 теңгеге көтерілді. Басқа ауыл шаруашылығы дақылдарымен қатар жемнің негізі болып табылатын құрама жем жұмыртқаның өзіндік құнына 50 пайызға әсер етеді. Бұның өзі соңғы уақытта айтарлықтай қымбаттады, егер 4 сұрыпты бидайды біз 26 мың теңгеге алып келсек, қазір 36 мың теңгеге артты», - деп түсіндіреді бағаға қатысты сауалдарға «Үш Бұлақ 2005» ЖШС директоры Диас Исанов.

Бұл ретте құс өсірушілер монополияға қарсы комитет тарапынан бағаның қатаң бақылау жағдайында өмір сүрып жатқанын, сәл ғана көтерудің өзі үлкен айыппұлға соқтыратынын алға тартады. Сонымен қатар, қазір еліміздегі барлық құс фабрикаларына тергеулер жүргізіліп жатқан көрінеді. Ал кейбір құс шаруашылықтарына 30 млн. теңгеден астам айыппұл санкциялары салынған.

«Құс фабрикалары жұмыртқаны әр данасын 18 теңгеден шығарады, ал супермаркеттерде біз он данасының 350-400 теңгеге сатылып жатқанын көріп отырмыз. Сонда Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті тек құс шаруашылығы субъектілерін қадағалап, саланың дамуына еш мүмкіндік бермей отырған жоқ па? Сонымен қатар, бөлшек саудада азық-түлік бағасын өндіруші ғана емес, сатушылар да қалыптастыратыны белгілі ғой. Бұл жерде, баға саясатын сауда желілері айқындап отыр. Сондықтан да, жұмыртқа бағасына қатысты сұрақтардың барлығын сол жаққа жолдасақ екен, мүмкін олар жұмыртқа бағасына маусымдық құбылыстарға қатысты жағдайды түсіндірер», - дейді Қазақстан Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шарипов.

Соңғы жаңалықтар