Қазақстанның қылмыстық - атқару жүйесін ізгілендіруге бағытталған резервтер әлі сарқылған жоқ - Президент Әкімшілігінің өкілі

АНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстанның қылмыстық - атқару жүйесін ізгілендіруге бағытталған резервтері әлі сарқылған жоқ. Мемлекет басшысының еліміздің құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің қызметін жетілдіруге қатысты Жарлығынан осындай ой түюге болады.

Қазақстанның қылмыстық - атқару жүйесін ізгілендіруге бағытталған резервтер әлі сарқылған жоқ - Президент Әкімшілігінің өкілі

Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Құқық қорғау органдарын реформалау кезінде қылмыстық - атқару жүйесінің қызметін жетілдіру» атты дөңгелек үстел отырысында Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, қылмыстық- атқару жүйесін ізгілендіруді Мемлекет басшысы алдыға қойып отырған міндеттер негізінде жүргізудің тиімділігін халықаралық тәжірибе де көрсетіп отыр. «Естеріңізге сала кетейін, Шығыс Еуропа мен Балтық жағалауы елдерінің полиция қызметін реформалау жұмыстары қылмыстық атқару жүйесіндегі реформалармен қатар жүрді. Осындай сәтті тәжірибені Грузия да жүргізді. Ал Ресейде милиция қызметін реформалаумен қатар қылмыстық атқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы дайындалды. Бүгінде еліміздегі азаматтардың құқық мәселелерін меңгеру деңгейлері мен қазіргі заманғы құқықтық саясат қылмыстық жазаны әкімшілік жазамен алмастыруға және құқық бұзған азаматтарды мүмкіндігінше қоғамнан оқшаулаудан азат ететін шараларға алмастыруға мүмкіндік береді», - деді А.Шпекбаев.