Қазақстанның Қытай елінің алдында жерге қатысты ешқандай міндеттемелері жоқ - Жер ресурстарын басқару агенттігі
АСТАНА. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазақстанда 2,4 миллион гектар суармалы жер бар. Олардың барлығын да еліміздің азаматтары пайдаланып отыр.
Ал оларды біреуге сату үшін жерді иелерінен ажырату керек. Бізде ондай әрекеттер орын алған жоқ. Сондықтан Қытайға 1 миллион гектар жер беріледі деген әңгіме жалған», деді бүгін Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының орынбасары Қаналбек Райымбеков. Бұл туралы ол бүгін BNews.kz порталында өткен интернет-конференция барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, елімізде қытайлықтар тарапынан жерді бірлесіп игеру түріндегі немесе басқадай бір ұсыныстар жасалуы мүмкін. «Бірақ Қазақстан Қытайға жер беруге міндетті емес, біз оларға ештеңе де қарыз емеспіз», деді агенттік төрағасының орынбасары.
Осы сөзіне дәлел ретінде ол елімізде жер иеленіп отырған шетелдік азаматтардың және кәсіпорындардың тізімін көрсетті. Тізімге сәйкес, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 24 мың 681 гектары шет елдік кәсіпорындар мен жекелеген және заңды тұлғалардың атында. Олардың арасында ең көп деген «Агрошанс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 5 жылға жалға алған жерінің көлемі 10 мың гектар. Сонымен қатар «Ақсұңқар» және «Әл Сакр» компанияларының бірлескен кәсіпорнының 49 жылға жалға алған жері 1 мың гектарды құрайды. Кәсіпорынның құрылтайшылары Қазақстан мен Қытай елінің өкілдері. «Сондай-ақ АҚШ пен Қазақстанның бірлескен «Фудмастерагро» компаниясында 2 мың гектар жер бар», деді Қ.Райымбеков.