17:59, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстанның Қызыл кітабы шықты
АЛМАТЫ. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан Республикасының Қызыл кітабының қайта өңделіп, толықтырылған 4-ші басылымы жарық көрді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оны Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің тапсырысы бойынша Білім және ғылым министрлігінің Зоология институты дайындап шықты. Басылымның бас редакторы ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі А. Мелдебеков, орынбасары биология ғылымының кандидаты Мұхтар Байжанов. Ал қазақ, орыс тілдеріндегі мәтіндердің редакторлары биология ғылымдарының докторлары Х. Бекенов пен Ф. Ковшарь. «Оған омыртқалы жануарлардың 128 түрі еніп отыр. Олардың 57-сі құстар, 40-ы сүтқоректілер, 18-і дөңгелек ауыздылар мен балықтар, 10-ы бауырымен жорғалаушылар, 3-і қосмекенділер. Бұған дейін Қазақстанның Қызыл кітабы 1978, 1991, 1996 жылдары шықты. Он жылда бір рет жаңартылып отыратын бұл туындының соңғы үшінші басылымына омыртқалы жануарлардың 125 түрі енген. Оның 56-сы құстар, 40-ы сүтқоректілер, 16-сы балықтар, 10-ы бауырымен жорғалаушылар, 3-і қосмекенділер. Бұл жолы оған балықтың екі, құстың бір түрі кіргізілген. Ал енгізілген жануарлардың тізімі Үкіметтің 2006 жылғы қазанның 31-індегі №1034 қаулысымен бекітілді», дейді Зоология институты директорының орынбасары Мұхтар Байжанов. Оның айтуынша, басылымның үлгілік нұсқасы «Нұр-Принт» баспасынан басып шығарылған. Табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлеріне, зоология, экология саласының мамандарына, студенттер мен оқушыларға және табиғат пен экология мәселелеріне қызығушылық білдіретін жалпы көпшілік үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта оның таралымын көбейтпек.