Қазақстанның Литвадағы Елшілігі Кеңес Одағының Батыры Ағаділ Суханбаевтың зиратына гүл шоқтарын қойды - Друскининкай қаласы

АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Елшілігі мамырдың 9-ы күні Литваның Друскининкай қаласында Кеңес Одағының Батыры Ағаділ Суханбаевтың (1920-1944 жж.) зиратына гүл шоқтарын қойды,

Қазақстанның Литвадағы   Елшілігі   Кеңес  Одағының Батыры  Ағаділ  Суханбаевтың    зиратына гүл шоқтарын   қойды  - Друскининкай  қаласы
деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы саясат ведомствосына сілтеме жасап. Ардагерлер одағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан кеңес әскерлерінің мемориалының жанында ұйымдастырған салтанатты жиында сөз сөйлеген Қазақстан Елшісі Ғалымжан Қойшыбаев, ардагерлер мен қала тұрғындарын Ұлы Жеңістің 64 жылдығымен құттықтады. Фашизмге қарсы күрестегі Ұлы Жеңістің жолында миллиондаған адамның құрбан болғанын, бұл Жеңістің біздің әкелеріміз бен бабаларымыздың өмірімен өтелгенін атап көрсеткен Қазақстан дипломаты, сүйегі Литваның Друскининкай қаласында жерленген Қызыл тулы Гродный 268-ші атқыштар полкының 2-ші ротасының бөлім командирі, Кеңес Одағының Батыры Ағаділ Суханбаев туралы әңгімелеп берді. 1944 жылы шілденің 31-інде поляктың Стжельцовизна ауылы үшін шешуші шайқаста Ағаділ Суханбаев, екі қолынан жараланғанына қарамастан, жаудың пулемет нүктесіне ұмтылып, амбразураны өз денесімен жапқан. Сол шайқаста қаза болған қазақ жігітінің осынау ерлігінің арқасында бөлім жауынгерлік тапсырманы орындап, алға жылжыған. Ағаділ Суханбаевқа 1945 жылы наурыздың 28-інде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Оның сүйегі 1944 жылы қыркүйектің 9-ында Друскининкай қаласында қайта жерленген. Қазақстан Елшілігі отандасымыз, Жамбыл облысының сол кездегі Свердлов ауданының өкілі Ағаділ Суханбаевты еске алып, ас берді. Ол шараға ардагерлер, қалалық мэрия мен Литвадағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.