Қазақстанның машина жасау саласы — экспорттық нарықта

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Машина жасау саласы бәсекелестігі жоғары бағыттардың бірі екені анық, сондықтан өндірушілер барынша тың технологияларды енгізуге тырысып бағуда. Осы орайда қазақстандық автомобиль өнеркәсібі шикізаттық емес секторды индустриялық дамытудың басым бағыттарының қатарына қосылған. Айта кетейік, биыл қыркүйек айында Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумы онлайн режимде өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдаған еді.

Қазақстанның машина жасау саласы — экспорттық нарықта

«Пандемиямен байланысты күрделі экономикалық кезеңге қарамастан, отандық машина жасау осы жылы 14 пайыздық жақсы өсім қарқынын көрсетіп отыр. Осы көрсеткіш бойынша машина жасау елдің бүкіл өңдеу секторында көшбасшы орынға шықты. Менің Жолдауымда нағыз әртараптандырылған, технологиялық дамыған экономиканы құру, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемін 1,5 есе арттыру тапсырмалары жүктелді», - деп аталып өткен ҚР Президенті құттықтауында.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атап өтуінше, мемлекет бұл үшін отандық өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіріп, өнеркәсіптік саясат туралы заң қабылданатын болады.

«Жаңа жағдайдағы Қазақстан машина жасау саласы өзінің қарқынды дамуын жалғастыратындығына сенімдімін. Саланың өндірісті кеңейтуге және экспортты арттыруға айтарлықтай әлеуеті бар», - деді Мемлекет басшысы.

«Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың айтуынша, Қазақстанда машина жасау саласын дамыту аясында 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы іске асырылып жатыр. Сондықтан бұл саланың өнімдері еліміздің ішкі нарығына әрі экспортқа шығарылып отыр. Коронавирус індетінің салдарына қарамастан, отандық машина жасаушылар өндірістегі жұмысты жалғастырып келеді. 2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, яғни былтырмен салыстырғанда өндіріс көлемінің өсімі 17 пайызға жетті.

Машина жасау өнеркәсібінің әлеуеті

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың сөзіне қарағанда, мемлекеттік индустриялық бағдарламаны іске асыру нәтижесінде, машина жасау өңдеу өнеркәсібі өсімінің драйверіне айналды. «Соңғы 10 жылда саладағы өндіріс көлемі 4 есе, инвестициялар 2,5 есе, экспорт көлемі 3 есе дерлік өсіп, 1,1 млрд АҚШ долларын құрады», - деді министр Қазақстан машина жасаушыларының VIII форумында.

Оның дерегінше, 2019 жылдың қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемі 1 трлн 472 млрд теңге болды. Ал 2020 жылдың 8 айында саладағы өндіріс көлемі 16,3 пайызға өсті. Саланың 3 мың кәсіпорнында шамамен 123 мың адам еңбек етеді.

Мемлекет пен бизнестің бірлескен күш-жігерінің арқасында салада шамамен 367 млрд теңге сомаға 128 жоба сәтті үзеге асырылып, 16 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Еңбек өнімділігі 9,2 мың доллардан 15,5 мың долларға дейін өсті. Экспортқа шығарылатын өнім атауы кеңейтілді. Қазір біздің машина жасау кәсіпорындарымыз Ресей, Қытай, Әзербайжан, Тәжікстан, БАӘ, Түрікменстан сынды елдерге өнімдерін экспортқа шығарады. Локомотивтер, жүк және жолаушылар вагоны, темір жол дөңгелектері мен біліктер, аккумуляторлардың жаңа түрлері, сорғыштар сынды машина жасау өнімдерінің жаңа түрлері шығарыла бастады.

«Электртехникалық машина жасау саласында да айтарлықтай ілгерілеушілік орын алып, 10 жылдың ішінде өндіріс 3 есеге, экспорт 4 есеге артты. Оқшаулаудың орташа деңгейі 75 пайызға жетті. Тек 2019 жылы ғана 5 млрд теңгеге 34 млн метр талшықты-оптикалық кабель шығарылды. Толықтай алғанда, 7 айдың ішінде электртехникалық машина жасау өндірісінің көлемі 11 пайызға артып, 101,4 млрд теңгені құрады», - деді министр.

Оның айтуынша, биыл отандық аккумуляторлар Біріккен Араб Әмірліктері мен Италия нарығына шығарылады. Жалпы бұл өнім түрі қазіргі уақытта Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Германия елдеріне жеткізіліп отыр. Бүгінде ішкі нарықтың аккумуляторға қажеттілігі 65 пайызға қамтамасыз етіледі. Ал ішкі нарықтың трансформаторларға қажеттілігі 85 пайызға қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта Петропавл қаласында 5-ші трансформатор зауыты іске қосылғаннан кейін жылына 10 мың аталған өнім шығарылатын болады. Сол кезде ішкі нарық трансформаторлармен қамтылады.

Отандық көлікке сұраныс бар

Қазақстандықтар сатып алатын жаңа көліктердің басым бөлігі отандық өндірісте құрастырылған. Мамандар бұл бірлескен жемісті жұмыстың көрсеткіші деп бағалауда. Бұған қоса, қазақстандық автоөнеркәсіп өнімдері экспорттық нарыққа да шығып отыр. «ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындары одағының мәліметінше, қаңтар-қазанда еліміздің аумағында жалпы құны 460,9 млрд теңге болатын 61 796 автокөлік құралы (жеңіл, жүк көлігі, автобус техникасы, арнаулы машиналар мен тіркемелер) құрастырылды. Шығарылған өнім көлемі нақты мәнде өткен жылғы көрсеткіштен 58,4 пайызға асып түсті.

Жеңіл автомобиль құрастыру 51,5 пайызға артып, 51 922-ге жетті. Автобус шығару да 67,4 пайыз өсіп, есепті кезеңде 1 525 көлік құрастырылды. Сонымен қатар 6 299 жүк көлігі, 284 мамандандырылған автотехника және 1 766 тіркеме шығарылды.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, 2020 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Қазақстанда ресми дилерлер 79 мыңнан астам жаңа көлік сатты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 25,2 пайызға жоғары. Биылғы 11 айда қазақстандықтар жаңа жеңіл көліктерді алуға 711,2 млрд теңге жұмсап, 2019 жылғы деңгейден 20,8 пайызға артық болды.

Көлік сатып алушы 56 867 адам (71,6 пайызы) отандық зауыттардың өніміне өз таңдауын жасаған. Сонымен қатар, биылғы 11айда сатылған 22 527 автомобиль (28,4 пайызы) импортқа тиесілі болып отыр.

Атап айтқанда, елімізде құрастырылған көліктер Ресей, Беларусь және Өзбекстанға экспортталды. Мұндай көрсеткішке ішкі өсім резервін ынталандырудың арқасында қол жеткізілді.