Қазақстанның медицина ұйымдарының кредиттік қарызы 87 млрд теңгені құрайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) медицина ұйымдарының борыштық жүктемесін төмендету үшін 60 млрд теңге қосымша қаражат бөледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған қордың мәліметінше, бүгінгі таңда кредиторлық берешек барлық өңірлер үшін ортақ өзекті мәселе. Жалпы Қазақстан бойынша борыштық жүктеме шамамен 87 млрд теңгені құрайды. Оның 4,4 млрд теңгесі Қызылорда облысының 20 мемлекеттік медициналық ұйымына тиесілі.

Аталған облысқа сапармен барып, өңірдегі медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерімен кездескен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Сәбит Ахметовтің айтуынша, бұл мәселені шешу қордың тікелей құзырына кірмейді. Бірақ ӘМСҚ-ның тарапынан көмек көрсетіледі. Шілде айының соңына дейін барлық өңірлерге шамамен 60 млрд теңге қосымша қаржы бөлу жоспарланған. Оның 5,2 млрд теңгесі медициналық ұйымдар арасында бөлу үшін қордың Қызылорда облысындағы филиалына жіберіледі.

Қор басшысының сөзіне қарағанда, Денсаулық сақтау министрлігі қазірдің өзінде ауқымды жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, eDensaulyq бірыңғай платформасы дайындалып жатыр. Ол 2024 жылдың қаңтарына дейін іске қосылуы тиіс. Сондай-ақ медициналық көмектің аса маңызды бағыттарының жекелеген түрлері бойынша тарифтерді қайта қарау жоспарланған.

Бұған дейін елімізде медициналық қызметтердің тарифі қайта қаралатынын жазған едік.

Сондай-ақ Қостанай облысының Денсаулық сақтау басқармасы өңірдегі денсаулық нысандарының кредиторлық жоғары берешегіне байланысты облыс басшысы Құмар Ақсақаловтан қосымша қаржы бөлуді сұраған болатын.


Соңғы жаңалықтар