Қазақстанның мемлекеттік қызметі жаңа кезеңдегі реформаларды бастағалы тұр - Ә.Бәйменов
АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - «Қазақстанның мемлекеттік қызметі жаңа кезеңдегі реформаларды бастағалы тұр»,- дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов.
Бұл туралы ол бүгін «Мемлекеттік қызметшілерді оқыту тұжырымдамасы туралы» тақырыпта өткен Мемлекеттік қызметті жетілдіру жөніндегі сараптамалық кеңестің VI мәжілісінде айтты.
Оның сөзінше, былтырғы жылы бекітілген Мемлекеттік қызметшілерді оқытудың жаңа тұжырымдамасында мемлекеттік қызметшілердің оқытудың бүкіл жүйесі өзгеріске ұшырайтындығы көрсетілген. Сонымен қатар бірыңғай әдістемелік және үйлестіру кеңесі ретінде Мемлекеттік басқару академиясының рөлі арта түседі.
«Біз жуырда ғана Канада мен АҚШ елдерінде болып қайттық.
Онда осы мемлекеттердің мемлекеттік қызметкерлерді оқытудың тәжірибесімен таныстық. Сондағы байқағанымыз аталмыш елдерде мемлекеттік қызметшілерді оқыту мен олардың біліктіліктерін көтеруге үлкен маңыз беріліп отыр»,-деді агентік төрағасы.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысы да әрдайым мемлекеттік қызметкерлердің білімі мен біліктілігін жетілдіру жүйесінің сапасын көтеруге ұдай назар аударып келеді. «Мемлекеттік қызметтің деңгейін, сапасын көтереміз десек, бізге де Елбасы алдыға қойып отырған міндеттердің үддесінен шыға білу керек»,-деді Ә.Бәйменов.
Мәжіліс барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Біліктілікті жетілдіру институтының директоры Болат Үркімбаев Мемлекеттік қызметшілерді оқытудың жаңа тұжырымдамасына қатысты баяндама жасап, мәжіліске қатысушылар оны талқыға салды.