Қазақстанның моноқалаларында 1,5 млн адам тұрып жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің 27 моноқаласында бүгінгі таңда 1,5 млн. адам тұрып жатыр. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің отырысы барысында Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, әлеуметтік экономикалық даму деңгейі бойынша алты моноқала жоғары, он тоғызы орташа даму деңгейіне және екеуі төменгі даму әлеуетіне ие болып отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған бағдарламаның негізгі мақсаты - ондағы экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту. Шараларды жүзеге асыру үшін моноқалаларда облыс әкімдіктерімен бірлескен кешенді шаралар жоспары қабылданып, соған орай 2012-2014 жылдары бағдарламаға 88 млрд теңге қарастырылған болатын. Алайда, бюджеттің тапшылығына байланысты бөлінген сома 50 млрд теңгені ғана құрайды. Экономиканы әртараптандыру мақсатында моноқалаларда 1,1 трлн теңгені құрайтын 48 «зәкірлі» инвестициялық жоба жүзеге асып 26 мың жұмыс орны құрылуы тиіс. Қазіргі таңда іске қосылған жоба саны 14-ке жетті, нәтижесінде 2,7 мың тұрақты жұмыс орны құрылды», -деді Қ. Өскенбаев.